Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Ақмола облысы

Ұлттық спортты ұлықтаған сайыс

Ұлттық спортты ұлықтаған сайыс

Қарашаның 16 күні Шортанды ауданы әкімдігі мен облыстық және аудандық жастар орталықтарының ұйымдастыруымен Шортанды кентінде қазақша күрестен облыстық турнир болып өтті. Жарысқа Бурабай, Бұланды, Целиноград, Ақкөл, Қорғалжын, Астрахан, Аршалы аудандары мен Степногорск қалаларынан келген 200 - ге жуық балуандар қатысты.

Қазақ күресі - күш жетілдіретін спорт. Ол адамды төзімділікке, батылдылыққа, ептілікке, тез ойланып, әдіс таба білуге машықтандырады. Қазақ күресінде балуан өзін еркін ұстап, шалу, қол байлап күресу, салмақпен басу, тіресу, ашадан алу, аяқтың басымен іліп тастау, асау жамбасқа алып иіре лақтыру, белінен қысып, тірсектен шалу сияқты әдістермен өз бойындағы күшін түгел пайдалана алады.

Спортшылар мен көрермендерді аудан әкімінің орынбасары Е.Мұхамедин мен Ақмола облысы жастар ресурстық орталығының басшысы Е.Мүсіп құттықтап, балуандарға сәттілік тіледі. Ерлан Қыздарбекұлы өз сөзінде: «қазақ күресінен турнир өткізудің басты мақсаты ұлттық спорт түрлерін дамытуға күш салып, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру және қазақтың ұлттық спорты - қазақша күресті ұлықтап, мәртебесін жоғарылату» деп атап көрсетті. Облыстық спорттық жарыстың бас төрешісі, аудандағы қазақ күресі секциясының жаттықтырушысы Орал Айдын да сөз алып, қазақ күресі бойынша турнирдің жүргізілу тәртібін жария етті.

Сонымен сайыс басталып, 3 топқа бөлініп, сайдың тасындай іріктелген жас балуандар боз кілем үстінде белдесудің көрігін қыздырды. Ұлттық спортты ұлықтаған тартысты сайыс қызықты өтті. Жас балуандардың бұл белдесуге барынша дайындалғаны сайыс барысында анық көрінді.

Бұл жарысқа біздің де спортшылар қатысып, аудан абыройы мен намысын қорғады. Солардың арасында жүлделі орындарды жеңіп алған жас балуандарды атап өтсек. 1 орыннан Мырзаболат Алдамир мен Фазылов Бекнұр, 2 орыннан Цэрек Ахмет пен Орал Ислам және де 3 орыннан Абушахман Ерасыл мен Орал Темірландар көрінді.

Жас балуандардың жеңісті жолдары алдағы күндері де жалғасты болғай дейміз.

басқа жаңалықтар